Тіл таңдау

Таңдаулы

Аңсаған МҰСТАФА, суретші-аниматор: КЕЙДЕ ӨЗ СУРЕТТЕРІМДІ ӨЗІМЕ ҚИМАЙ ЖАТАДЫ

Әр қоғамда көпшілік ортаға серпін беріп жүретін ойы озық, өнерлі, сергек жандар болады. Бүгінгі қазақтың өнерлі жастарының ішінен суретші Аңсаған Мұстафаны осы қатарға қосуға болады.

Әрбір шығармасымен жұртты елең еткізетін суретші қыздың есімі әлеуметтік желілер арқылы жастарға жақсы таныс. «Астана ақшамы» газетінің оқырмандары үшін біз де сұхбат алып, әңгімеге тарттық.

– Аңсаған, сіз бір сұхбатыңызда «суретті тек көңіл қалауыммен саламын» депсіз. Алайда, әрбір шығармаңыздан азаматтық ұстаным менмұндалап тұрады. Әркез қоғамдағы елеулі уақиғаларға сіз лезде иллюстрациялық сурет салып, оны әлеуметтік желілер арқылы жариялап, үн қатып отырасыз. Азаматтық позиция әркімде болуы керек деп есептейсіз бе?

– Иә, осы елдің азаматы болғаннан кейін, елде болып жатқан уақиғалар, қоғамдағы өзгерістер маған да тікелей қатысы бар деп есептеймін. Біз қоғамдық жұмыстарға араласпасақ, шет елден біреулер келіп жағдайымызды дұрыстап бермейді ғой. Сырттан келгендердің бір ғана мүддесі болуы мүмкін. Ол – ақша жасап кету, қалталарын толтыру. Ал біз осы жерде қаламыз. Осы жерде тудық, осында өмір сүреміз. Ұрпақтарымыз да осында тұратын болады, бұйыртса. Мұндағы жағдайдың дұрыс болғаны, бізге, яғни, қазаққа керек. Сондықтан, журналистер қоғамдағы проблеманы жазып, эфирге шығарып көрсетсе, мен суретші болған соң айтарымды бейнелеу өнері арқылы жеткіземін. Сіздердікі секілді менің де міндетім – мәселеге көпшіліктің назарын аудару, қоғамдағы келеңсіздіктің жойылуына, дамуға үлес қосу.

– Сіздің бір суретіңізде анасы, әкесі, балалары – бәрі бір-бір телефон  ұс­тап, компьютерге шұқшия қарайды. Бір бөлмеде отырса да, бірімен бірінің жұмысы жоқ. Сол суретке сіз «Ауру» деп ат қойыпсыз. Неге?

– Бұл, расында, заманымыздың ауруы сияқты ғой. Байқасаңыз, елдің бәрі ұялы телефонына, «айпадына», ноутбугіне үңіледі де отырады. Шынымен ауру сияқты.  Суретте де сол бейнеленген: кешкісін үйге жиналғанда, яғни, ұйықтар алдында әке-шешесі, екі баласы басы қосылған соң өтіп бара жатқан сол күнгі жаңалықпен бөлісіп, әңгімелесудің орнына әрқайсысы өз гаджетімен әуес болып отыр. Менің ойымша, мұндай үрдіс туыстықты алыстататын сияқты. Адамдар арасындағы рухани байланысты үзетін тәрізді. Мұндай жағдай ушыға берсе, кейбір шет елдердегі тұрмыс салты бізге де біртіндеп сіңісіп кете ме деп қорқамын.  Шет елдерде азаматтардың отбасын құру жасы ұлғайып бара жатыр ғой. Оның өзінің әкелетін зардабы көп. Осының бәрі, менің ойымша, адамдардың бір-бірімен араласпағандығынан туындайды…

– Абайдың сөзін ұлықтап салған футболканың суреті, «Түсікке қарсылық», «Ана, темекі тартпа», «Құдай, неге мені теледидар қылып жаратпадың», «Қарттар үйінде қазақ көп», тағы басқа айтары анық суреттеріңіз бар. Мәтінді өзіңіз жазасыз ба? Тақырыпты өзіңіз табасыз ба?

– Абайдың суретін салған себебім abai.kz сайты конкурс жариялаған болатын. Мен Абай атамыздың суретін қатырып сала алмайтын болған соң, ойымды жеткізудің басқа жолын таптым. Қалай болса, солай Абай бейнесін жасағым келген жоқ. Содан соң ғұлама ақынымыздың аталы сөз болып елге тарап кеткен қанатты сөздерін насихаттайтын футболканың үлгісін жасадым. Солай 2-3 данадан футболка шығарып, жақындарым киіп жүрді. Ол ойым нәтижесіз болған жоқ. Көргендер қызықты. «Ою-өрнектің жанында Абай атамыздың сөзі жазылған әдемі футболкадан бізге де жасап беріңдерші» деп, сұрағандар көп болды.

Жалпы, сурет салған соң көбіне мен мәтін жазамын. Ондағы сөзді, тақырыпты, әрине, өзім табамын.

– Сіздің негізгі тақырыбыңыз әлеуметтік проблемалар ғой?

– Иә, басты тақырыбым – әлеуметтік мәселелер. Негізі, шетелдерде мұндай жобалар жақсы қаржыландырылады. Әлеуметтік тақырыптарда салынған суреттерден көшеге билбордтар жасап, буклеттер таратып жатады. «Сақтансаң, сақтаймын» дейді Құдай. Мұның бәрі жастарды, қоғамда жаман іс-әрекеттерден сақтау мақсатында жасалады.

– Ал бізде қалай? Бұл өнерге қызығушылық, қолдау бар ма?

– Бізде бұл сала дамымаған. «Фейсбук» әлеуметтік желісінде менің 7000 оқырман досым бар, салған суреттерім солардың көмегімен ғана таралып кетіп жатыр.

– Өнеріңізді жарнама жасап, қаржы табуға пайдаланасыз ба?

– Жоқ. Суреттерімде ешқандай жарнама жоқ. Менің шығармашылығымдағы негізгі мақсат – жастарға қазақы тәрбиені насихаттау. Замандастарымды, кейінгі жастарды өте жақсы көремін. Сол үлбіреген сарыауыз балапан алданып, шалыс баспаса екен,  жамандықтан аулақ жүріп, бақытты болса екен деймін.

– «Ана» деген суреттегі әйел адамның бет-бейнесі өзіңізге ұқсайды. Мұның сыры неде?

– Балапанымды құшақтап жатып айнаға көзім түсіп кетті, сол бейне ұнаған соң сурет салдым. Жалпы, суреттерімдегі кейіпкерлер өз балаларым, жақындарым ғой. Қызымды шақырып алып: «Күнтай, осылай отыра тұршы, салып алайын. Күнтай, күліп отыра тұршы. Күнтай, енді жыла» деп, мазасын алам. Шынайы бет-бейне өзімнің жанымда…

– Неше балаңыз бар?

– Қызым Күнікей он бірде. Биыл мектепте сурет үйірмесі ашылып, соған бара бастады. Кішкентай кезінен көргені – сурет, әкесі – журналист, үйдегі тыңдайтын әңгімесі газет-журнал, телерадио бағдарламалары төңірегінде. Соның бәрі әсер еткен болар, «өскенде аниматор болам, қазақша мықты мультфильмдер шығарамын» деп жүр. Өзі сурет салады. Әзірге суреттерінің кейіпкерлері – ылғи түлкі. Оның сырын білмедім. Одан кейінгі ұлым Сұлтансейіт жетіде, екінші сыныпта оқиды. Ол – тентек бала. Математикасы жақсы бірақ. Әкесі «Колесо Астаны» газетінде істейтіндіктен бе, көліктердің маркаларын өте жақсы біледі. Олар туралы сағаттап әңгімелесуге бар. Ал кішкентайымыз Байжігіт – атасының баласы, бір жарым жаста. Тентек, іздегені төбелес, ойын. Атасымен өлең айтады қосылып. Сабақ басталғалы бері ағасы мен апатайын сағынып, күтіп жүреді.

– Аналық сезім, ана болу шығармашылығыңызға қандай серпін берді?

– Мен бұл салаға мектеп жасымнан әуестенгенмін. Негізі былай болған еді. Үшінші сыныпты бітіріп, демалысқа шыққан кезде әкем велосипед әперемін деп көндіріп, шашымды алып тастады. Кейін біраз күн өткен соң, мұғаліміміз телефон соғып, бізді мектепке шақырды. Тақыр басыма үйреніп алған мен мектепке сол күйі бара салдым. Бірақ, сыныпқа кіріп келгенім сол, балалар ду күлді. Қолдарын шошайтып мазақтап, мені ұялтты. Содан кейін бұл мектепке енді бармаймын деп, жылаумен болдым. Әке-шешеме басқа мектеп іздеуге тура келді. Үйімізге ең жақыны көркемсурет колледжі жанындағы мектеп болатын. Сөйтіп, шашымды тақырлауы себеп болып, бейнелеу өнеріне бет бұрып кеттік. Кездейсоқ ештеңе болмайды дейді, өнерге солай аяқ басуым керек болған шығар, кім біледі.

Суретті осылай бала кезімнен салып жүрдім. Бертінде тақырыптарымның түрленгені рас. Өйткені, мен көрген, сезінген нәрселерімді саламын. Ол – заңды. Сол секілді, қазір мен суреттерімді тез саламын. Өйткені, уақыт  аз. Өзіңіз де білесіз, әйел адамның шаруасы бітпейді ғой. Сондықтан, күнде ыдыс жуып немесе шәй құйып отырғанда ойыма келген нәрсені жоғалтпауға тырысып, жанталасамын, қалай да жарты сағат тауып, әлгі ойымды қылқаламмен қағазға түсіріп тастаймын. Үнемі ізденіс үстінде жүрем.

– Айтпақшы, «Ана жылытады» деген суретіңізде анасының айналасында шашылған ойыншықтар сияқты ұйықтап  жатқан төрт бала бейнеленіпті. Қазақтың әр отбасында неше бала болуы керек деп есептейсіз?

– Қазақтың санын көбейту керек. Әрине, әркімнің жағдайы әртүрлі, бірақ сол жағдайға байланысты бала саны да көп болуы керек деп ойлаймын. Жеріміз өте үлкен, адам  саны өте аз. Әлемдік нарық үшін біздің ел қызықты нысана емес. Адам саны аз болғандықтан, кейбір тауарлар бізге келмей жатады, өкінішті-ақ. Келсе, бағасы удай қымбат болады. Ал, халық саны артса, мұндай болмас еді. Өз басым, әрбір қазақ отбасында кем дегенде төрт бала болса деп ойлаймын.

– Музыка секілді, бейнелеу өнері де аударманы қажет етпейді. Бұл саланың музыкадан да артықшылығы тілсіз, үнсіз-ақ айтарыңды айта аласың. Түсінікті бола береді.  Осы орайда, өзіңіздің хабарыңыз бар ма, суреттеріңізді қанша елде көшіріп басып жатыр?

– Бәрін, әрине, білмеймін. Бірақ, «Мамам мені өлтіретін шығар» деген суретімнің 8 тілде шыққанын өзім көрдім. Ең алғаш түрікшесін көргенде, әлеуметтік желідегі кейбір адамдар күмәндана бастады, «түріктердің сайтынан алып, аударып алған боларсың» деген сыңай танытқандар болды. Бірақ, менің жариялаған мерзімім түрік сайттарынан бұрын болған соң ол сұрақтар жайына қалды… Кейде өз суреттерімді өзіме қимай жататындар бар.

– Тушьпен, қылқаламмен саласыз. Аз шығын жұмсап, көп нәрсе айтасыз. Және көп жағдайда айтарыңызды дер кезінде, жұрттан бұрын жеткізіп үлгересіз. Шамамен бір суретті салу үшін қанша уақыт жұмсайсыз?

– Бала кезімізден әкеміз «жарты сағат сайын айналысқан ісіңді ауыстырып отыр» деп үйреткен. Сол сөз дағдыма айналып кетіпті. Сурет салуға да көп уақыт шығындамаймын. Көбіне суретті жарты сағат ішінде салып бітіремін.

– Қызықты әңгімеңіз, өнеріңіз үшін рахмет!

Әңгімелескен

Нәзира БАЙЫРБЕК

http://www.astana-akshamy.kz/?p=23144

 

 

Аңсаған Мұстафаның тушьпен салған суреттері

Аңсаған Мұстафа − қазақтың санаулы иллюстраторларының бірі. Оның әрбір суретінен ой түйесіз, тұжырымға келіп, қорытынды жасайсыз. Көптеген әлеуметтік желілерде таралып жүрген қазақ атына сай, қазақша түсініктеме жазылған түрлі иллюстрациялардың көбісінің авторы осы Аңсаған. Ендеше оның суретті галереясына бас сұқпай кетпеңіз.

− Аңсаған, алдымен сізбен таныс болсақ, қай жақтың тумасысыз? Қайда оқыдыңыз? Қайда жұмыс істейсіз?

− Алматылықпын. Алматыдағы көркемсурет мектебінде, колледжінде, өнер академиясында оқығанмын. Ақ босаға газетінің иллюстраторы болып жұмыс істеймін.

− Суретшілікті қайдан үйрендіңіз?

− Сол мектепте үйретті.

− Суретті көбіне немен саласыз?

− Тушьпен, қылқаламмен салам. Газет ақ-қара түстес болғаннан кейін, солай үйреніп кеттім. Түрлі түсті қылып салып көрем, өзіме ұнамай қалады...

− Суретті тапсырмамен салып, жалпы коммерциялық бағытта жұмыс істейсіз бе?

− Жоқ, тек көңіл қалауымен.

− Көрмелерге қатысасыз ба? Жетістіктеріңіз?

– Көрмелерге қатысып көрмеппін. Назарларыңызға жеке қорымда бар барлық суреттерімді ұсынып отырмын! Бұйырса өзім жеке көрме ұйымдастырармын!

http://massaget.kz/layfstayl/madeniet/persona/18356/

Таңшолпан 2014. Аңсаған Мұстафа. Суретші

https://kaztube.kz/video/137877

Аңсаған Мұстафа, суретші, иллюстратор: «Суреттерімді адамдарға ой салу үшін саламын»

Аңсаған Мұстафа – қазақтың санаулы иллюстраторларының бірі, Оның жай қарандаш,тушьпен салған әрбір суретінен ой түйесіз, өзіндік тұжырымға келіп, қорытынды жасауға мүмкіндігіңіз болады. Аңсағанның мақсаты да осы. Ол өзінің суреттерін көріп, өмірін мағыналы етуге өзгерткен адам болса, соның өзін жетістік, мақсатымның орындалғаны деп айтады. Жуырда ғана көпшіліктің сұрауы бойынша тұңғыш жеке көрмесін Астана қаласында өткізген Аңсағанмен сұхбаттасудың сәті  түсті. 
 
– Аңсаған, ақиқатын айтсақ, сіз өзге елдің ғана емес, қазақ деген ұлттық құндылығының, қазақы тәрбиесінің өзі әлем елдерінде жоқ данышпан ұлттың ұрпағы, қазіргі замана ағымымен жат дінге бет бұрып, батыстың небір сұрқия тіршілігіне еліктеушілігі үдей түскен уақытта өзіңіздің әлеуметтік тақырыптарға арналған графикалық суреттеріңізбен елімізге ғана емес, өзге елдерге де танымал болудасыз. Бұл өнермен сіз қашаннан «егізсіз»?Таңдауыныз неге қара түске түсті?
 
– Суретті бала кезімнен бастап саламын. Анамның «Ақ босаға» деген газеті бар. Сол газетте бала кезден, қасында жүріп, сурет салып, фотоларға ретушь жасап жүріп үйрендім. Ақ қара түсті сурет салу да осыдан кейін басталса керек. Бұған 5 сыныпты оқып жүргенде көркем-сурет колледжінде оқуым да себеп болғаны да бар. Талант бес пайыз болса, өзгесі тынымсыз еңбектің нәтижесінде келетіні сөзсіз. Жалпы адам өзін қоғамнан ажыратып әкете алмайды. Мен де солай. Өзімді қоғамда болып жатқан барлық жағдайлар ойландырып, толғандырады. Мен қазір елімде азды көпті танымал бола бастасам,бұл менің талант пен талабымның үндесіп, бір арнаға тоғысып, өзі керекті жерде өзіндік үнін қосып жүргені деп түсінген жөн болар. 
 
– Сіздің қоғамдағы әлеуметтік проблемаларға арналған графикалық суреттеріңіз сонау Оңтүстік Америка халқына жетіп, Бразиялияның әлеуметтік желісінде қызу талқыға түсті және бұл бір ғана мысал емес...
 
– Бразилияда танымал болған суретте, жүрегі мен миын кіржуғышқа салып жуып отырған қыз бейнеленген. Ол суреттің шетелдіктерге қалай жеткенін де білмедім. Негізі өзімнің жүзге жуық туындымнан неге осы суреттің танымал болғанына таңым бар. Бұл сурет көктемнің бірінші күні салынды.  Суретте ескі махаббаттан жолы болмаған жас қыздың тазарып, жаңа сезімге жол ашуы бейнеленген. 

 

– Бір суретіңізде анасы, әкесі, балалары – бәрі бір-бір телефон  ұстап, компьютерге шұқшия қарайды. Бір бөлмеде отырса да, бірімен бірінің жұмысы жоқ. Сол суретке сіз «Ауру» деп атапсыз. Дегенмен сіздің әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен және сізді жұртпен етене байланыстырған суреттердің бірегейі «Мамам мені өлтіретін шығар...» суреті екені даусыз. Бұл суреттерді салу арқылы сіз қоғамдағы бүгінгі жағдайларды толыққанды суреттей алғансыз. Түпкі мақсатыңыз...
 
– Ақиқатын айтсам, өз суреттерім елімнің аумағынан шығып, өзге елдерге жетіп, олардың пікірталасына қалады деп ойлаған емеспін. Ең алғашында жүкті болып қалған қыз туралы суретім аса танымал болып, қызу пікірталас тудырып, көпшілікке тарап кеткен еді. Сол «Анам мені өлтіретін шығар» деген мәтіні жазылған суретім оншақты тілге тәржімаланып, сайттарда жарияланып кеткенінен де бейхабар едім. Сіз айтып отырған «Ауру» атты суретім,менің барлық суреттерім секілді өзінен өзі «сөйлеп»тұрған сурет. Қазір бәріміз қолымыздағы қалта телефонымызға шұқшиып қарауды әдетке айналдырдық. Ата-ананың баламен, баланың ата-анамен арасындағы отбасылық байланысын үзіп тұрған да осы «індет». Бұл ащы шындық. 
Ақылды, салт-дәстүрді сақтаған, дін мен тілі арқылы өзгелерден ерекше қасиеттерімен дараланған қазақ ұлтының бүгінгі ұрпағының маскүнемдікке, жеңіл жүріске салынып, өз шаранасынан өзі жиіркенуі секілді елде болып жатқан оқиғалар мені түршіктіреді. Мені түршіктірген, мазалаған барлық ойым ақ қағазға қара тушьпен бейнеленуде. Бұған әлеуметтік түрлі желілердің дамып, жастардың теледидар көрмей, газет-журнал, кітап оқымай өмірлерінің басым бөлігін ғаламторға арнауын қоссаңыз, бүгінгі ұрпақ Отан алдындағы, ата-ана, жалпы қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігін аса сезініп отырған жоқ-ау деген ой түюге болады. Әлеуметтік тұрмыстық жағдайдың мені қатты ойландырғаны соншалықты, осыдан бес жыл бұрын қоғамда асқынып бара жатқан әлеуметтік мәселелерді салған суреттерімді ғаламторға жариялай бастадым. Суреттерімді әлеуметтік желілерге жүктеген сәтте-ақ жастар тарапынан  қызығушылықтар туып, олар  менің суреттерімді өзгелермен  бөлісіп, өздерінің ойларын ашық айтып, жазып жатты. Маған да керегі осы еді. Мақсатым жастарды қолдан келгенше адастырмау, суреттерім арқылы бақытсыздықтардан, жаман қылықтардан қорғау.  Келер ұрпақ бізден де бақытты, денсаулықтары мықты болса екен деген арман ғой мендегі...
– Көпшіліктің сұрауы бойынша жуырда Астанада жеке көрмеңіз өтті. Сол кезде сіздің көрменіз туралы ТМД елдері өздерінің интернет сайттарында сіздің суреттеріңізді жүктеп, сіз туралы жазды. Сіздің пайымдауыңызша, көрме өз деңгейінде өтті ме? Көрмеңіздің көрермені кімдер болды? Сіз қалағандай жастар жағы келіп, ой түйе алды дей аласыз ба? 
 
– Көптен бері ойлаған істің биыл жүзеге асуына әлеуметтік желідегі жастар жағы ықпал етті десем, өтірік емес. Менің суреттерімді бір-бірімен бөлісіп, пікір жазып жүрген жастар соңғы уақыттары менен көрме өткізуді талап ете бастады. Сөйтіп, көпшіліктің сұрауы бойынша тұңғыш «Сөйле, сурет» атты көрмемді Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткіздім. Осы университетте оқитын жастар  көп. Көрмеге суреттерімнің ішінен 50-ін таңдадым. Негізгі тақырып -  әлеуметтік проблемалар. Қыз-келіншектердің арақ ішуі, үйдегі ұрыс-керістен баланың үйден қашуы, ошақ басындағы ата-ана жанжалы және осындай әр зомбылықтан балалардың психологиялық қынжылысқа түсуі секілді жоғарыда баяндалған суреттер. Алғашқы күні өте көп адам келді. Жастардың суреттерді көруге деген ынталары, олардың бірін-бірі шынтақпен түйгіштеп, суретті көруге деген ықыластарын тудырғанын сырттай бақылап тұрып, риза болдым. Жасы үлкен адамдардың да көрмеге қойған суреттерімді телефондарына суретке түсіріп тұрғанын көріп, суреттерімнің адамдарға ой салғанын, олар арқылы менің суретімдегі бейне арқылы менің айтқым келген ойларымның өзгелерге де жететінін білу бақытына ие болдым. 
Жалпы ғаламтор – насихаттың бір түрі.  Әлеуметтік желі тек суретшілік өнерге ғана  емес, барлық салаға өзінің септігін тигізіп отыр.  Қазір қай саланың маманын алып қарасаңыз да бірінші кезекте  өз дүниелерін әлеуметтік желіге салып отырады. Мәселен, ақындар  өлеңдерін, журналистер мақаласын, әншілер бейнебаянын, қолөнер шеберлері өз бұйымдарын  ғаламтор арқылы көпшілік назарына ұсынады. 
Ғаламтор  біздерді халыққа бір табан жақын етуге жол көрсетті. Елге  танылуыма да, менің суреттерімді және көрмем туралы Әзірбайжан және өзге елдерінің сайттарында жарияланып, көрермен талқысына түсіп бағасын алуда ғаламтордың үлесі зор. Алғашқы көрмем өз ойлағанымдай болды. Көрмені көруге келген жастардың дені менің суретімнен өзіне  ой түйіп кетсе,бұл менің мақсатымның орындалғаны.      
 
– Көрмеден соң сіздің фейсбуктегі жеке парақшаңызға, болмаса сізбен байланысқа шығып, өз пікірлерін, өздерінің ойларын ашық айтқан және сіздің суреттерді көрген соң әлдебір тоқтамға келіп жүрген адамдардың ойына ой қосылып, қандай ма бір қасіретті әрекеттің болмауына жол бермеген жайт туралы сізді хабардар еткендер болды ма?
 
– Мен соңғы күндері керемет көңіл күйде жүрмін десем, сенесіз бе? Расында да адам өзі сүйетін іспен айналысып, қоғамға өзіндік ойымен қозғаушы күш болатын іс атқарып жүргенін сезінуі алуының өзі ғанибет.  Менің суреттерімнің адамдар тарапынан қолдау табуы соңғы кезде мені шабыттандырып жіберді. Күні кеше ғана бір қыз бала хабарласып, өзінің бастан өткізген оқиғасын айтып берді. Осыдан екі жыл бұрын, ерімен ажырасып, дәл сол кезде жүкті  екенін білмей, одан бәрі анықталып, құрсағында шарана жатқанын білген соң, әрі-сәрі күйде жасанды түсік жасаймын ау деп, өзімен өзі қамығып жүрген кезінде ғаламтордан менің  «Мамам мені өлтіретін шығар...» деген суретімді көріп, бір шешімге келгенін айтып берді. Анасы да қызын қолдап, нәтижесінде бала аман есен дүниеге келген. Жас келіншек менің телефоныма 7-8 айлық баланың суретін жіберіпті. Сүп сүйкімді баланының суретін көріп, суретімнің адамдарға өкінбес шешім қабылдай алуына ықпал еткенін біліп, қуанғаннан жыладым. Қуанышымда шек жоқ... Демек, суреттің пайдасы бір адамның өмірге келуіне септігі тиді. Менің де түпкілікті мақсатым адам өмірін сақтап қалу, оларды өкініштен ада ету.    
 
– Адамдарға ой салған, сіздің төл құжатынызға айналған  бірегей суреттерді өз қорынызда сақтайсыз ба, әлде сатуға шешім етесіз бе? 
 
– Суреттерді сату менің мақсатым емес. Дегенмен қайырымдылық жасау мақсатында суреттер сатылымға қойылуы мүмкін. Алғашқы көрмемде суреттеріме назары ауып, оны сатып алуға ниет еткен адамдар бар. Әзірге көрмедегі суреттерім еліміздің аймақтарына жол тартады. 
 
– Көрменізді өзге қалаларда өткізу жоспарыңыз қалай жүзеге асуда? Сізге ТМД елдерінен көрменізге қатысты шақыртулар болмады ма? 
 
– Астанадағы көрмеден соң, алматылық жастар тарапынан ұсыныстар түсті. Алматы менің өскен ортам, менің сүйікті қаламдағы жеке көрмем осы қараша айында  адамдар көп жүретін метрода өтті.Қазіргі күні суреттерім Шымкент қаласына жол тарты.  Шымкент қаласынан соң, Семейде көрмемді ұйымдастыру жоспарымда бар. ТМД елдерінен әзірге ұсыныс келмеді. Еліміздің өзге өңірлері, соның ішінде өзімнің туған жерім Атырау қаласы қош көріп отырса, көрмемді өткізуге мен әрқашанда дайынмын.
 
– Өзіңіз білесіз, шетелдерде қоғамға қажеті осындай жобалар жақсы қаржыландырылады. Сіздің суреттеріңізді мектеп пәндеріне, немесе еліміздің бас қалаларында бильборд етіп, жұртшылықты кәсапаттан сақтау мақсатында пайдалануға сұраған жандар болды ма?
 
– Расында да, шетелде қоғамда болып жатқан жағдайларға ат үсті қарамайды. Сондықтан әлеуметтік жобалардың бәрі дерлік қаржыландырылып, идеологиялық жұмыстарға, соның ішінде жастар тәрбиесіне үкіметі мен ата-ана бірлесіп жұмыс істеуді мақсат етеді. Біздің елде бұл жағы кемшін екені жасырын емес. Астанада өткен көрмеден соң, суреттерімнің кейбірін жаратылыстану пәніне пайдалануға бола ма деген ұсыныс түсті. Мен әрине бұл ұсынысқа қарсы болмаймын. Әзірге билборд жасайық деген ұсыныс болмады. Болғаны жақсы еді. 

 

– Бір сұхбатыңызда «Өз суретімді кейде өзіме қимай жатады» деген екенсіз. Авторлық құқықты қорғайтын құзырлы мекемелерге жолығып, суреттеріңіздің құқығы өзіңізде екенін құжаттай растауды ойладыңыз ба?
 
– Авторлық құқық туралы заңгерлерден кеңес алдым. Әрине суреттерімнің құқығын қорғау керектігін білемін. Дегенмен менде бір-екі емес, екі жүздей сурет бар. Олардың бәрінің құқығын қорғау үшін қыруар қаражат керек. «Мамам мені өлтіретін шығар»- деген суретімді бірнеше ұлттың тіліне тәржімалап  және әр сайт өз логотипын қойып шығарып жүрді. Оны көріп қалған достарым,таныстарым маған ескертті. Содан мен сайттардың иелеріне хат жазып, бұл суреттің авторы өзім екенін айтуым сол-ақ екен «Біз білмедік»-деп,сайттарынан  жойып жіберіп отырды. Қазір сайттар көп. Оның бәрін бақылауға ала алмаймын. Мен үшін маңыздысы жастарымыз менің суреттерім арқылы ой түйіп, жаманатқа үйір болмай, қазақ деген халықтың атына сөз келтірмей, ұлттық құндылығымызды сақтап жүрсе болғаны.  
 
– Келешекте әлеуметтік тақырыптағы суреттеріңіздің қатары көбейе түседі деп ойлайсыз ба, әлде қоғамда дүр сілкінген идеологиялық жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде бұл тақырыпқа қайта оралу мүмкін емес деген ойыңыз бар ма?
 
– Әлеуметтік проблеманың өзектілігі сол, ол үнемі қоғамда талқыға түсетін бірден-бір маңызды проблема болуында. Сондықтан  мен бүгін қозғап отырған проблема келер жылы біздің елде де, өзге елде де шешімін тауып, бәрі жақсы болып кетеді деп айтуға әлі ерте. Ақиқатында өзіңіз айтып отырған ұлттық идеология үстемдік құрмай, қазақтың ұрпағының батысқа еліктеушілігіне тоқтам бола қоймас. Сондықтан қоғамның бір мүшесі, елімнің азаматы есебінде мен өзімнің қолымнан келетін істер арқылы батыстық індеттің елімде таралмауына, жастардың ол індеттен аулақ жүруі үшін суретім арқылы күресе беретін боламын.  
 
– Аңсаған, сіз қоғамдағы кез-келген жаңалыққа азаматтық позицияңызды жария етіп отырасыз. Жуырда ғана Елбасымыз келер жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толатынын және ол тарихи дата елімізде  айрықша атап өтілетінін айтты.  Жұрт қуанып бір-бірінен сүйінші сұрап жатқанда, сіз қара түсті   «Қазақ еліне 550 жыл» деген жазуы бар жазғы киім үлгісін ғаламторға жариялап, егер осы дизайн 550 лайк жинаса, жазға дейін 55 түрін жасап беремін дедіңіз. Сіздің бұл идеяңызды алматылық Думан Қапасов қолдай жөнеліп, ол да неше түрлі дизайн түрін көпшілік талқысына салды. Сіз осы идеяңыз арқылы жұртшылыққа қандай ойды жеткізбек болдыңыз?
 
– Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдығы елімізде кең көлемде аталып өтеді дегеннен-ақ, менің ойыма сол өзім жақсы көретін жастарға жақсы жаңалық жасағым келді. Келер жылы аталып өтетін  тарихи датада  жастар   «Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл» деген жазуы бар жиде  кисе рухтары көтеріліп жүре ме екен деген ойдан туған еді.Алғашқы нұсқасын жасап, фейсбукке салуым сол-ақ екен жастар тарапынан бірден қолдауға ие болды. Тап осылай  резонанс тудырады деп  ойламадым. Алматыдан Думан, Астанадан Данияр есімді жігіттер де менің ойымды жалғастырып,  жылдамдатып  дизайн жасап қуантты. Мен өзімнің дизайным 550 адамға ұнаса, жиденің 55 түрінің дизайнын жасап берем деп едім, қазір қолдаушылар 550 адамнан асып кетті. Уәденің аты уәде. Сәтін салса, келер жылы жастарымызды тарихи мерекені атап өтуде біздің дизайн үлгісінде жасаған жидемен көре аласыздар. Менің арманым бүгінгі жастардың салауатты өмірді ұстанып, ұлтымыздың болашағын бүгінгіден де жарқын етуге өз үлестерін қосуы. Менің ойымша бұл тек менің ғана емес, саналы адамның барлығының ұлы арманы. Лайым осы армандарымыз орындалып, еліміз,халқымыз тыныш өмір сүріп, талай жасампаз идеалардың Қазақ елінде жүзеге асқандығының  куәсі болуды бізге нәсіп етсін. 
 
– Айтқаныңыз келсін! Әңгімеңізге рахмет!
 
Сұхбаттасқан: Тұрсын Жұмабекқызы

Талантымен талайды таңқалдырған Аңсаған Мұстафа жеке көрмесін өткізді

http://www.ktk.kz/kz/news/video/2014/10/14/54191

Таңшолпан 

https://www.youtube.com/watch?v=o0sJlj0vQjw

Комод

http://comode.kz/post/svoimislovami/asaan-mstafa-daryn-ebekpen-keledi/

 

Аңсаған МҰСТАФА, суретші: 55 түрлі қазақы жейде – 550 жылдыққа менің шашуым

Биыл елімізде үлкен мерейтой, солай емес пе? Ал халықтық тойға кім қандай үлесін қосуға әзір? Ойланып көрдіңдер ме? Бұл сұраққа суретшіАңсаған Мұстафаәпкелерің де ойланыпты. «Осынау үлкен тойға мен қандай үлес қоса аламын деп ойландым. Сөйтіп, 550 деген жазуы бар футболканың дизайнын жасадым. Оны фейсбуктегі парақшама салдым. «Мына сурет Қазақ хандығының 550 жылдығына арналады. Егер 550 адамға ұнаса (лайкталса), онда жазға дейін осындай футболканың 55 түрін жасап беремін», − деп жаза салғанмын. Қызық болғанда, ол суретім бір күннің ішінде 1000-нан аса лайк жинады. «Мәссаған, бұл идеям жастарға ұнады. Оларға осындай дүние керек екен» деп ойладым да, уәдемді орындауға кірістім. Бар қазаққа ортақ тұлғаларды, салт-дәстүр мен ұлттық символикаларды, қалаларды бейнеледім», − дейді суретші. Ол суреттерін өткенде Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінде «Шашу» атты жеке көрмесінде көпшілікке таныстырды. Аз күннің ішінде-ақ қазақы жейделер әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттала бастады. Футболка етіп киіп алғандар қатары күннен-күнге көбейіп келеді. Сендер де қызыға бастадыңдар ма? Ендеше, ол суреттерді осы жерден көріп танысып, ұнағанын фотосалон арқылы киімдеріңе салдырып алуларыңа болады. Иә, тегін дизайн. Ол – суретші әпкелеріңнің сендерге жасаған шашуы!

Ұлан: Уәдеңіз бойынша 55 түрлі етіп салдыңыз. Десе де, салынбай қалған тағы да ойларыңыз бар шығар? Жыл аяғына дейін әлі де саласыз ба?

А.Мұстафа: Мысалы, балбал тасты салуды ұмытып кетіппін. Жақсы ойлар туындаса, әлі де аянбаймын ғой. Бірақ, алдындағыдай «бәленше саламын» деген уәде бермеймін. Орындау оңайға соқпайды, өйткені. Жарты жылда 55-ін саламын деп, шаршадым біраз (күліп). Қазір әлеуметтік желі арқылы суретшілерге үндеу салудамын. Еліміздегі ең мықты суретші мен емеспін. Менен асқан таланттылар көп. Сол азаматтар да атсалысса ғой. Әрбір қазақтың ұл-қызы қазақыланған киім киіп жүргенін қалаймын. Әдейі жастарға лайықтап, футболка түрінде жасағаным да сол. Картина түрінде көпшіліктің игілігіне аса жарай қоймас еді. Көшеге жейде ретінде киіп шықса, бір-бірінен көреді, қызығады, рухтандырады. Шетелдік тұлғалар бейнеленген футболкаларды да киініп жүр ғой жастар. Одан гөрі өз тұлғаларымызды ұлықтайық деген ой менікі.

Ұлан: Идеяңызды қолдайтын тігіншілер табылмады ма?

А.Мұстафа: Иә, екі кісі телефонымды жазып алып еді. Біреуі: «Қытайдың қазағымын. Осында сауда жасаймын. Қытайға апта сайын барып тұрамын. Осы футболкаларды мен шығарсам қайтеді?» − дейді. Келістім. «Егер бұдан саудагерлер пайда көремін десе, маған хабарлассын, еңбекақымды берсін» дегенмін. Бірақ, әлі хабарласпады. Негізі, мен оны жалпы халыққа арнап жасағанмын. Әркім өз бетінше жасатып алсын деген оймен. Ал менің еңбегім арқылы бизнес жасағасы келетіндер, алдымен өзіммен келіскені керек.

Көрменің ашылуына фотосалоннан бірнеше футболка шығарып, киіп бардық. Университеттің 55 студенті 55 түрлісін киіп шығып, флеш-моб биледі. Сендер де ұнағанын салдырып, киіп алыңдар. Көшеде киіп жүргендеріңді көрсем, қуанар едім. Ал егер ол футболкаларды өзім шығаруға жауапты болсам, матаның сапасы біреуге ұнап, біреуге ұнамауы мүмкін. Сондықтан, әркім өз киіміне, өзі келіскен бағаға шығарып алып, кие берсін.

Ұлан: Еңбегіңіз жансын!

Қарлығаш ДОСАНОВА

 

(«Ұлан», №20, 15 мамыр 2015 жыл)

 
 

Аңсаған МҰСТАФА: “ШЫМКЕНТКЕ КЕЛІП, БІР ЖАСАП ҚАЛДЫМ”

“Сөйле, сурет” – Шымкентте. 
Иә-иә, замандас, көпшілік ортасында кеңінен талқыға салынып, әсіресе әлеуметтік желіде ең көп қаралған суреттер көрмесі шымкенттіктерге ұсынылып отыр. Көрменің ашылу салтанатына туындылардың авторы Аңсаған Мұстафаның өзі арнайы қатысып, көрермендермен кездесті. Айтпақшы, көрме желтоқсанның 10-шы жұлдызына дейін жалғасын табады. Демек, алдағы екі апта бойына автор туындыларын өз көзіңмен көруге мүмкіндігің бар. Ол үшін қаладағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институт ғимаратына барсаң болғаны. Көрменің ашылу салтанатына қатысқан біз графикалық суреттердің авторын аз-кем әңгімеге тарттық.

– Аңсаған, қаламызға қош келіпсіз. Көңіл күйіңіз қалай?
– Рахмет, өте керемет. Ерекше сезімге бөленіп отырмын. Шымкент жұртшылығы жылы лебізбен. Бұл қалаға алғаш рет келгеніммен шымкенттік виртуалды достарымның саны өте көп. Бүгін оларды жүзбе-жүз көріп, бір жасап қалдым.
– Өзіңізбен бірге неше туындыңызды алып келдіңіз және олардың қатарында елге әлі ұсынылмаған суреттеріңіз бар ма? 
– Осы уақытқа дейін 150-ге жуық сурет салыппын. Көрмеге 50-ін алып келдім. Бәрі де жаныма жақын, ел арасында ерекше талқыға салынған туындылар.
Бұған дейін мұндай көрме Астана мен Алматы қалаларында ұйымдастырылғандықтан уақыттың тығыздығына байланысты жаңа сурет сала алмадым.– Жаныңызға ерекше жақын сурет қайсы?

– Барлығы да жайдан-жай шыға салған суреттер емес. Әрбірінің өзіндік орны бар. Соның ішінде кір жуғыш мәшіненің ішіне адамның жүрегі мен миы салынып, оның жуылып бітуін мұңая күтіп отырған бойжеткен бейнеленген сурет жаныма жақын. Көп талқыға салынды. Көктем мезгілінде бәріміз де өткен өкінішті ұмытып, жаңа өмір бастағымыз келеді ғой. Дәл 1-наурыз күні салынған ол туындымды жарыққа шығарудағы негізгі мақсат сол болатын.
– Аңсаған, көп ақындардың шығармалары өз өмірлерімен тікелей байланысты болып жатады. Ал сіздің суреттеріңізге идея қайдан келеді?
– Мен бала күнімнен көпшілік ортада өстім. 11 жасымда “Ақ босаға” газетінде еңбек еттім. Басылымда әлеуметтік мәселелер көтеріледі. Көптеген жандар басына түскен проблемаларын айтып, редакциямызға көмек сұрап келетін. Әсіресе жас қыздардың жүкті болуы, отбасылық жанжалдандың бала санасына кері әсері… Осылардың бәрінен хабардар болып өскен менің санамда әлеуметтік мәселелер жаңғырып тұрды. Алғашында “ретушь” жасап жүрдім, кейін сурет салуды қолға алдым. Барлық суреттерім өмірден алынады.
Мақсатым ел арасында көтеріліп отырған проблемаларды көрерменнің санасына жеткізіп, оны болдырмауға, егер орын алса, кемшілігін түзетуге ешқашан кеш еместігін түсіндіру болып табылады. Ел жақсы қабылдап жатыр.
– Жақсы қабылдау бір бөлек. Ал қолдау жағы қалай?
– Елдің оң көзқараспен қабылдауының өзі – мен үшін үлкен қолдау. Әсіресе “фэйсбук” әлеуметтік желісіндегі виртуалды достарымның жылы лебіздерін ерекше атап өту керек. Осы желі арқылы туындыларым лезде елге таралып жатыр. Ал бүгінгі көрменің ұйымдастырылуына жергілікті билік, нақтырақ айтқанда облыстық ішкі саясат басқармасы мұрындық болды. Басқарма басшысы Берік Уәлиге алғыс айтамын.
 
Аборт жасатуды ойлаған қыздың ішіндегі сәбидің үні, сәбидің ойы. Кезінде анасының тарапынан да сондай ойды сезген қыздың кейпі. Бұл суретті де саналы түрде түсік жасататын қыздарға ой салудың тиімді құралы ретінде пайдалануға әбден болады. Авторы қазақ жастарына белгілі суретші – Аңсаған Мұстафа. Суреттің көкейтестілігі соншалық, оншақты елдің жастары суреттегі жазуды өз тілдеріне аударып, ғаламторда таратып жіберген. Осы және өзге де ойлы суреттердің авторы, «Ақ босаға» газетінің иллюстраторы Аңсаған Мұстафа бізге де уақыт бөліп, сыр бөліскен еді.
- Суреттеріңізде әлеуметке ой салатын мәселелерді көрсетеді екенсіз. Менің білуімше, қазір шылым қорабына темекенің зияны туралы өте қорқынышты суреттер салып қояды екен. Сіздің суреттеріңізді сондай жарнамаларға пайдалануға ұсыныс түссе, қарсы болмайтын шығарсыз? Бәлкім, жарнама мақсатында тапсырыспен салған суреттеріңіз де бар шығар?
- Суреттерімді солай шылымдардың қорабына саламыз десе, қуанамын. Бір үйде кем дегенде бір адам темекі тартатын отбасылар көп. Суреттер жақсы тарар еді. Бәлкім пайдасы болар. Шет елдерде «әлеуметтік пакет» жақсы дамыған, көшелерде айтары бар баннер, билбордтар көп кездеседі. Әзірге, суреттерімді жарнама ретінде пайдалану туралы ұсыныстар түскен жоқ. 
http://bnews.kz/kz/news/obshchestvo/krik_agimsali_duzelhanovtin_bir_eskizine_de_tatimaidi__ansagan_mustafa-2014_09_16-882279 

Суретші-аниматор Аңсаған МҰСТАФА: «Әр туынды шынайылықтан туады»

Әйел адамның ішкі дүниесін, жанайқайын сурет арқылы жеткізе білу – үлкен өнер. Нәзік жандылардың ішкі толғанысын әйел ғана түсіне алады. Қоғамдағы әлеуметтік мәселені өз туындылары арқылы көтеріп жүрген жанның бірі әрі бірегейі - суретші Аңсаған Мұстафа. Әр шығармасымен жұртты елең еткізетін суретші қыздың есімі әлеуметтік желілер арқылы жастарға жақсы таныс. «Сарыарқа самалы» газеті оқырмандарының тілегін ескеріп, суретшімен сұхбаттасуды ұйғарған едік...

 

- Аңсаған, салған суреттеріңізде ерекше тылсым, бірегей қолтаңбаңыз бар. Қандай да бір туындыны өмірге әкелер алдында оны ойластырып алу керек қой. Сіз образдарды, идеяны қайдан аласыз?

 

- Осы елдің азаматы болғаннан кейін, елде болып жатқан оқиғалар, қоғамдағы өзгерістер маған да тікелей қатысы бар деп есептеймін. Осы мәселелерге қарап идеялар туындайды. Біз қоғамдық жұмыстарға араласпасақ, шетелден біреулер келіп жағдайымызды дұрыстап бермейді ғой. Еліміздегі жағдайдың дұрыс болғаны бізге, яғни қазаққа керек. Сондықтан журналистер қоғамдағы проблеманы жазып, эфирге шығарып көрсетсе, мен суретші болған соң айтарымды бейнелеу өнері арқылы жеткіземін. Сіздердікі сияқты менің де міндетім – мәселеге көпшіліктің назарын аудару, қоғамдағы келеңсіздіктің жойылуына, дамуға үлес қосу.

 

- Ең алғашқы суретіңізді неше жасыңызда салдыңыз?

 

- Үшінші сыныпты бітіріп, демалысқа шыққан кезде әкем велосипед әперемін деп көндіріп, шашымды алып тастады. Кейін біраз уақыт өткен соң, мұғаліміміз телефон соғып, бізді мектепке шақырды. Тақыр басыма үйреніп алған мен мектепке сол күйі бара салдым. Сыныпқа кіріп келгенім сол, балалар ду күлді. Қолдарын шошайтып мазақтап, мені ұялтты. Содан кейін бұл мектепке енді бармаймын деп, жылаумен болдым. Әке-шешеме басқа мектеп іздеуге тура келді. Үйімізге ең жақыны көркемсурет колледжі жанындағы мектеп болатын. Сөйтіп шашымды тақырлауы себеп болып, бейнелеу өнеріне бет бұрып кеттік. Кездейсоқ ештеңе болмайды дейді, өнерге солай аяқ басуым керек болған шығар, кім біледі.

 

Суретті тым ерте сала бастадым. 11 жасымда анам Шолпан Ұғыбайқызы «Ақбосаға» газетін ашқан еді. Мені редакцияға ертіп апарғанда журналистердің мазасын алмасын деп, қолыма ақ қағаз бен қарындашты ұстатып қоятын. Күнде сурет сала беретінмін. Осылайша, бұл өнерді жақсы көріп кеттім.

 

- Сіздің бір суретіңізде анасы, әкесі, балалары – бәрі бір-бір телефон ұстап, компьютерге шұқшия қарайды. Бір бөлмеде отырса да, бір-бірімен жұмысы жоқ. Сол суретке «Aуру» деп ат қоюыңыздың себебі неде?

 

– Бұл расында, заманымыздың ауруы сияқты ғой. Бүгінде елдің бәрі ұялы телефонына, ноутбугіне үңіледі де отырады. Шынымен ауру сияқты. Суретте де сол бейнеленген: кешкісін үйге жиналғанда, яғни, ұйықтар алдында әке-шешесі, екі баласы басы қосылған соң, сол күнгі жаңалықпен бөлісіп, әңгімелесудің орнына әрқайсысы өз гаджетімен әуес болып отыр. Менің ойымша, мұндай үрдіс туыстықты алыстататын сияқты. Адамдар арасындағы рухани байланысты үзетін тәрізді. Кейбір шетелдердегі тұрмыс салты бізге де біртіндеп сіңісіп кете ме деп қорқамын. Шетелдерде азаматтардың отбасын құру жасы ұлғайып бара жатыр ғой. Оның өзінің әкелетін зардабы көп. Менің ойымша, осының бәрі адамдардың бір-бірімен араласпағандығынан туындайды.

 

- Суреттеріңізді сатасыз ба?

 

- 100 доллардан 3 сурет сатылды. Суреттен түскен ақшаны қайырымдылық қорына аудардым.

 

– Абайдың сөзін ұлықтап салған футболканың суреті, «Түсікке қарсылық», «Ана, темекі тартпа», «Қарттар үйінде қазақ көп», тағы басқа айтары анық суреттеріңіз бар. Атауын өзіңіз жазасыз ба? Тақырыпты өзіңіз табасыз ба?

 

– Абайдың суретін салған себебім, abai.kz сайты конкурс жариялаған болатын. Мен Абай атамыздың суретін жақсы сала алмайтын болған соң, ойымды жеткізудің басқа жолын таптым. Абай бейнесін немқұрайды жасағым келген жоқ. Содан соң ғұлама ақынымыздың елге тарап кеткен қанатты сөздерін насихаттайтын футболканың үлгісін жасадым. Солай 2-3 дана футболка шығарып, жақындарым киіп жүрді. Ол ойым нәтижесіз болған жоқ. Көргендер қызықты. «Ою-өрнектің жанында Абай атамыздың сөзі жазылған әдемі футболкадан бізге де жасап беріңдерші» деп сұрағандар көп болды. Жалпы, сурет салған соң, көбіне мәтінді өзім жазамын. Ондағы сөзді, тақырыпты өзім табамын.

 

- Бейнелеу өнеріне қатысты қандай мәселелер толғандырады?

 

- Бізде әлеуметтік плакат деген дамымаған. Қандай тақырыпқа салсаң да, бос тұрады. Оны толтыра беру керек. Шетелдерде әлеуметтік плакатпен 1-2 адам емес, жүйелі түрде топтар айналысады. Қайғылы оқиғалардың алдын алуға тырысады.

 

- Отбасында қандай анасыз?

 

-Қолдан келгенше жақсы ана болуға тырысып келемін. Жалпы, суреттерімдегі кейіпкерлер өз балаларым, жақындарым ғой. Қызымды шақырып алып: «Күнтай, осылай отыра тұршы, салып алайын. Күнтай, күліп отыра тұршы. Күнтай, енді жыла» деп, мазасын алам. Шынайы бет-бейне өзімнің жанымда.

 

- Шамамен бір суретті салу үшін қанша уақыт жұмсайсыз?

 

– Бертінде тақырыптарымның түрленгені рас. Өйткені мен көрген, сезінген нәрселерімді саламын. Ол – заңды. Сол секілді, қазір мен суреттерімді тез саламын. Өйткені уақыт аз. Өзіңіз де білесіз, әйел адамның шаруасы бітпейді ғой. Сондықтан күнде ыдыс жуып немесе шай құйып отырғанда ойыма келген нәрсені жоғалтпауға тырысып, жанталасамын, қалай да жарты сағат тауып, әлгі ойымды қылқаламмен қағазға түсіріп тастаймын. Үнемі ізденіс үстінде жүрем. Бала кезімізден әкеміз «жарты сағат сайын айналысқан ісіңді ауыстырып отыр» деп үйреткен. Сол сөз дағдыма айналып кетіпті. Сурет салуға да көп уақыт шығындамаймын. Көбіне суретті жарты сағат ішінде салып бітіремін.

 

- Әңгімеңізге рақмет!

 

 

 

http://saryarka-samaly.kz/index.php/component/k2/item/5877-suretshi-animator-a-sa-an-m-stafa-ar-tuyndy-shynajylyktan-tuady

Сұхбаттасқан - Айдана Қуанышева

АҢСАҒАН МҰСТАФА, СУРЕТШІ-АНИМАТОР: МЕН ӨЗ ЕЛІМНІҢ ПАТРИОТЫМЫН!

 

Жеткізу мерзімі

Астана қаласы бойынша - 2 күнде
Барлық басқа елді мекенге – 10 күн

Сатып алу

Сатып алу үшін белгілі және сенімді төлем жолдарын ұсынамыз

Кепілдік береміз

Сатып алған затыңыз қолыңызға тигенше кепілдік береміз

Сұрақ-жауап

Өзіңізге ыңғайлы әлеуметтік желіде біз де бармыз